️Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрпатты маман даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты
«Колледждер теорияны практикамен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық.
Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға атсалысады.
Техникалық және кәсіптік білімді ақысыз негізде беру жобасы іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді.
Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие мамандықты меңгеру жолындағы алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауға тиіс.
Педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерді тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды.
Қазақстандағы 60-тан астам колледж 30 елдегі серіктестерімен ынтымақтастық орнатты. Ал тоғыз колледжіміз Ресей колледждерімен және кәсіпорындарымен табысты жұмыс істеп жатыр».
t.me/aqorda_resmi