Бүгін оқу ордамызда елімізге белгілі дінтанушы, Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлымен тағылымды кездесу өтті. Бұл – ресми жиын емес, жастармен қатар бізге де рухани серпін берген әсерлі жүздесу болды.
Жастар жанашыры өз сөзінде студенттерді жаман әдеттерден аулақ болуға, керісінше ғылым мен білімге, адал еңбек пен жауапкершілікке бет бұруға шақырды. Сонымен бірге, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – теріс діни ағымдардың ықпалына түспей, саналы өмірлік таңдау жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Емен-жарқын әңгіме барысында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, бағыт-бағдар беретін құнды кеңестер алды. Имам өмірден көрген-түйгенін жастар тілімен, орынды әзілмен ұштастырып, олардың сеніміне ие бола білді.
Осындай рухани-танымдық кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп, адамгершілік және ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге зор ықпал етеді деп сенемін. Шақыртуымыз қабыл алып, жастармен жарқын жүздесу жасаған Нұрлан Байжігітұлына зор алғыс айтамыз!